«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Араб трейдері: Қазақ даласында жасымық ерте піседі

2017 жылғы 26 Қаңтар
19209 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ауылшаруашылық өнімдерін Таяу Шығыс нарығына шығару мәселесі қаралды

Астанадағы «Атамекен» ҰКП орталық кеңсесінде Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев «Se­lkar Trading F.Z.E.» компаниясының басшысы Рахим Нилавар мырзамен кездесу өткізді. Шараға араб елдеріне экспортқа мүдделі шаруалар, «Қазагро» АҚ басшылары да қатысып, Біріккен Араб Әмірліктері нарығына қазақстандық ауылшаруашылық саласы өнімдерін жеткізу бойынша болжанған жобаларды жүзеге асырудағы әрі қарайғы қадамдар талқыға салынды.

Нұржан Әлтаев еліміз Біріккен Араб Әмірліктеріне экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін экспорттық жөнелтуде зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Бәрінен бұрын, бұл жерде, әңгіме ет өнімдері мен дәнді-бұршақты дақылдар жайында болып отыр. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде, Әмірліктерге уақ малды жеткізу жағы жолға қойылған екен.

Осы орайда, таяуда, ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтің аталған елдің астанасы Дубай қаласына іскерлік сапары ауқымында тиісті компаниямен ниеттестік меморандумына қол қойылғаны белгілі. Үстіміздегі жүздесуді уағдаластықтың заңды жалғасы деп қабылдауға болады.

«Рахим мырза Өзбекстан астанасы Ташкент қаласынан сапарлатып келеді. «Se­lkar Trading F.Z.E.» компаниясы көршімізден көкөніс пен жеміс-жидек алады. Алматыдағы филиалдары басым бөлігінде көліктік-логистикалық қызметтерге ден қойған. Бүгін болса, компания басшысы сіздермен тікелей кездесуге келді. Оның үстіне, «Қазагро» АҚ тарапымен қаржыландырудың бір бөлігін осындай сауда-сатып алу нысандарымен жасалатын шарттарды қамтамасыз етуге бағыттау жөн болады деп ұйғарып отырмыз», - деді кіріспе сөзінде Басқарма Төрағасының орынбасары.

Араб Әмірліктері 2011 жылы дәнді-бұршақты дақылдар өнімдерін 500 млн долларға сатып, сол кезден бері оның импорты жыл сайын көтеріліп келеді екен. Осыған байланысты қазақстандық жасымық, асбұршақ және ноқат экспортына жақсы мүмкіндік туындауда. Осымен бірге Әмірліктердегі дамыған логистикалық инфрақұрылымның арқасында, тұтас Таяу Шығыс аймағына шығудың көкжиегі байқалуда.

2001 жылдан бері материалдық-техникалық жабдықтау, қоймаларды жалға беру, көлік қызметтерін ұсыну мәселелерімен айналысып келе жатқан «Se­lkar Trading F.Z.E.» компаниясы туралы келтіре кетсек, еркін-экономикалық аймақта тіркелген бұл ірі азық-түлік тауарлары трейдері, Қазақстанның жасымық, бұршақ, ноқат, арпа, жүгері сынды отандық агроөнеркәсіп өнімдеріне қызығушылық танытуда.

«Бұған дейін де Қазақстаннан бұршақ дәндерін сатып алған болатынбыз. Канададан артықшылықтарыңыз, қазақ даласында жасымық ертерек піседі. Жалпы арпа-бидай секілді өсімдік шаруашылығының басқа да түрлерін қарастырып көруге дайынбыз», - деп келешек серіктестік қырларын байыптады «Se­lkar Trading F.Z.E.» компаниясының басшысы Рахим Нилавар.

Нұржан Әлтаев та елімізде 20 млн гектар егістік даласы бар екенін тілге тиек етіп, бұл бай қор арқылы Канада мен Австралия сияқты елдермен бәсекеге түсе алатынымызды нығарлады.

«Пинтагон» ЖШС Индира Молдашеваның логистика жайлы сұрағына Рахим Нилавар егін оралатын науқан қызған шақта маманданған орталықтар бос болмай, ұзын-сонар кезек қалыптасатынын баяндады. Ал басқа уақытта баға тиімсіз, тіпті жүк көліктері қызмет құнын екі есеге көтеріп жіберуде.

Мұндағы мәселе, Нұржан Әлтаевтің сөзіне қарағанда, қарым-қатынас барысында қазақ көлік компанияларының қызметі қымбатқа соғып, салыстырмалы түрде ресейлік тасымалдаушылар екі есе арзан баға ұсынуда. Оған дәлел, Ақтау теңіз порты мен Иранның солтүстік айлақтары арқылы Парсы шығанағына жету тоннасына 180 АҚШ долларын төңіректесе, Новороссийск портынан 60 АҚШ долларын межелейді. Алғашқысында қымбат, бірақ тез, соңғысында арзан, бірақ баяу. Сондай-ақ, ресейлік тарап, бірінші өз жүктерін өткізіп алмайынша, қазақстандық әріптестерін тостырып қояды екен. Осы орайда Басқарма Төрағасының орынбасары Араб Әмірліктерінде логистикалық бизнесті өркендетіп отырған отандастарымызбен байланыс орнатуға шақырды. Бұл орайда, кәсіпкерлерге біле жүрер дүние, халықаралық нарықтағы алыс-беріс мәселелері жөнінде келесі мекенжай бойынша Сыртқы сауда палатасы қызметіне жүгінуге болады:

010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы 19, «С» блогы, e-mail: export@palata.kz; байланыс телефоны: +7 (7172) 27 96 16; 27 90 54; 27 90 55; 27 90 56.

Жиында «Агрофуд», «Атамекен-агро», Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қазына-ЛТД» және тағы басқа да компаниялар өкілдеріне өнімнің өзіне қойылатын талап пен оны жеткізу шарттары, жасымықтың қай түрі керектігі туралы, жүгері жайында тереңірек білуге мүмкіндік берілді.

Ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында«Selkar Trading F.Z.E.» тарапынан тыс, «Al Dahra Holding» компаниясымен ұқсас шаралар ұйымдастырылмақ.

Бұдан тыс, «Атамекен» ҰКП  «EMCO International LLC» сынды ірі трейдермен келіссөздер жүргізуде (http://palata.kz/kk/news/25149).

Онлайн тәртіпте өткен кеңесті «Facebook» әлеуметтік желісіндегі «Атамекен. Агродиалог в Казахстане» тобынан қашықтықтан тамашалауға жағдай жасалып, өңірлер өз сұрақтарын қойды.

Кездесу соңында Нұржан Әлтаев отандық кәсіпкерлер қауымдастығы атынан мәртебелі мейманға естелік сыйлық табыстады.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ


Еншілес ұйымдар

Серіктестер