«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кооператив күш біріктіруді қажет етеді

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Ақмола облысы
8420 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы, Ауыл шаруашылығы басқармасы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Құжаттың басты мақсаты – өңірде ауылшаруашылық кооперативтерін құру және оны дамытуда ортақ жұмыстар атқару, ауылшаруашылық кооперативтерінің өзекті проблемаларын шешу, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша жүйелік шаралар әзірлеу. Осы шаралар аясында тараптар биліктің, бизнестің, жеке тұлғалар мен жеке шаруашылықтардың арасында тиімді сұхбат алаңын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленгені белгілі. Оның негізгі мақсаты – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету. Негізгі бағдарлардың бірі – ауылшаруашылық кооперативтерін құрып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасау.

«Бағдарлама еліміздегі өнімдерді кооперативтер арқылы өткізу жүйесіне 500 мыңнан астам жеке шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын тартуды көздеп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу мен кәсіпорындардың қайта өңдеу бойынша жүктемесі 1,3 есе артпақ. Салаға құйылатын жеке инвестиция үш еседен асып, 427 млрд теңге болады», – деп атап өтті ӨКП директоры Еркебұлан Баяхметов.

Бүгінде «Ынтымақ» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық кооперативтерін құруға, «Игілік» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық жануарларын өсіруге, «Бірлік» бағдарламасы бойынша сүт қабылдау бекеттерін құруға, «Береке» бағдарламасы бойынша отбасылық мал бордақылау алаңдарын жасауға жаңа несиелік өнімдер әзірленіп, бекітілді.

Әр облыстан талаптарға сай келетін кооперативтер құру үшін пилоттық аудандар белгіленді. Кейін ол кооперативтердің тәжірибесі өзге өңірлерге таратылады.

Қазір облыста 208 АӨК жұмыс істеп тұр. Өткен жылы 82 АӨК тіркелді, олардың жартысын Палата сарапшылары сүйемелдеуде. Бүгінгі таңда Палатаның қолдауымен алты АӨК құрылды, соның ішінде «Бурабай» АӨК» әмбебап өндірістік кооперативі де бар.

Оның мақсаты – өндірілген өнімдерді сатып өткізу үшін бір жерге шоғырландыру, ортақ жауапкершілік негізінде өндірістік кооператив мүшелерін қаржыландыру. Зеренді ауданының сүт өндірушілерінің «Зеренді сүт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Бұдан бөлек, Атбасар және Зеренді аудандарында сүт қабылдайтын үш АӨК тіркелді, сондай-ақ Қорғалжың ауданында өсімдік өсіру мен мал шаруашылығына маманданған тағы бір ауылшаруашылық кооперативі құрылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер