«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Парсы шығанағына апарар жол

2016 жылғы 22 Желтоқсан
10667 просмотров

Бұл мақсатта Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы кәдеге жарамақ

Астанада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға сапары аясында Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті.

Қос тараптың ресми тұлғалары, ұлттық және жекеменшік компаниялар, қаржы институттары мен құзырлы ұйымдар өкілдері қатысқан шараның негізгі мақсаты екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың ағымдағы және болашақтағы өзекті мәселелерін дөңгелек үстел сипатында талқылау болды.

Мәжілісті ашқан ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңісбек Қасымбек Қазақ елінің аумағында Иранмен бірлескен 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеуде екенін хабарлады.

«Бүгінгі таңда экономиканың басым бағыттары бойынша белсенді іс-қимылдар атқарылуда. Мұнда бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласы, азық-түлік бағыты, сондай-ақ химия, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, жылжымайтын мүлік, дәрі-дәрмек өндірісі, тағы басқа да көптеген қарым-қатынас тармақтары қамтылуда. Осы орайда келтіретін жағымды мысалдар баршылық. Мәселен Иран компаниялары құрылыста табысты қызмет етуде. Бәріміз Алматыда «Парсы» бизнес-орталығы салынып біткенін білеміз. Мақсары майы, жуатын заттар шығарылуда», - деп әңгімелеген министр көліктік-транзиттік логистиканы дамытуда бір жыл бұрын Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жол жобасының аяқталғанын еске салды. Қазіргі уақытта Қытайдан Қазақстан арқылы Парсы шығанағына алғашқы жүк лектері тың жол телімімен жөнелтілуде. Бұл тұста тағы бір назар аударар жайт, Иран басшысының сапары шеңберінде «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен ирандық әріптестер арасында Бандер-Аббас портында жұмыс істейтін бірлескен кәсіпорынға қатысты құрылтайшылық шартқа қол қойылатыны күтілуде.

«Сауда байланыстарын нығайтуда біз үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үлкен мәнге ие. Бүгін Хасан Рухани мырзаның қатысуымен ветеринария саласында келісім бекітіледі деп жоспарлап отырмыз. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қызылорда өңірінде алма бақтары өсіріліп, 30 мың ірі қара малын бағуға арналған кешен құрылысы жүргізілуде. Алматы аймағында майлы дақылдарды өңдеу, өзге ел өлкелерінде жылыжай құрылысы қолға алынған. Геология мен жер қойнауын игеруде де зор әлеует байқалуда. Бұл жерде Бұрлыда мыс өндіру құны 200 млн АҚШ долларына бағалануда», - деді Жеңісбек Қасымбек. Жалпы, оның айтуынша, ынтымақтастық көкжиегі жемісті келбетін аңғартуда. Ауыл шаруашылығынан тыс, Қазақстан, темір-терсек өнімдерін экспорттауға да мүдделі. Сөзімізге дәлел, Қазақ елі Иранға металл, арпа, рапс жеткізуде негізгі елдер үштігіне енуде. Аталған Парсы шығанағы мемлекетіне экспорттың ортақ үлесінде қазақстандық ауылшаруашылық өнімдері 20 пайыздың төңірегін құрауда екен.

Баяндамасының қорытындысында отандық Инвестиция және даму министрі еліміз үнемі инвестиция тартуға айрықша көңіл бөліп келетінін жеткізіп, ирандық бизнес иелерін «Нұрлы жол» бағдарламасына атсалысуға, белді халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрметті қонағы болуды насихат етті. Бұл үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылып, шетелдік кәсіпкерлер мен туристерге нақты жеңілдіктер ұсынылмақ.

Иран Ислам Республикасы Президенті әкімшілігінің жетекшісі Мұхаммед Наһавандиан сөзін аса қамқор әрі мейірімді Алланың атымен бастап, кездесудің тарихи салмағын атап өтті. Дегенмен ирандық тарапты екі жақты ынтымақтастықта белгілі бір себептерге байланысты пайда болған біраз ақтаңдақтар алаңдатуда екен.

«Сондықтан осындай жүздесулер өзара экономикалық алыс-беріске соны серпін сыйлайды деп үміттенеміз. Соңғы жылдары темір жол ашылғалы бері инфрақұрылым жағында елеулі жетістіктерге жеткеніміз қуантады. Алайда Ақтау портындағы жүк тасымалының арагідік тежеліске ұшырауы сауда-саттыққа теріс әсерін тигізуде», - деп ойын білдірген ирандық шенеунік санкциялар ауыртпалығынан құтылғалы еңселерін тіктей бастағандарына, қиындықтар өткен жылдар еншісіне қалғанына сендірді.

Іскерлік кеңес аясында алқалы отырыстар ұйымдастырылып, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Ерденов жүргізген сессияда өзара есеп айырысудың тиімді тетіктері қарастырылды. Сыртқы сауда палатасының басшысы мәртебелі меймандарды Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын қолдануға шақырды. Оның сөзінше, қажетті www.businessnavigator.kz cайтында ағылшын тілінде арнайы іріктелген 170 жоба орналастырылған. «Қазақстаннан серіктес іздесеңіздер, портал арқылы оңай таба аласыздар», - деді Аян Ерденов ойын қорыта келе.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер