Тексеріске көзқарас өзгерді
Өңірлік палатада өткен кезекті «Прокурор сағаты» кезінде кәсіпкерлерге «Тексеріс субъектілері мен объектілерінің бірегей реестрі» жүйесін таныстырды
Бұл жүйе тексеріс субъектілері туралы, атап айтқанда кәсіпкерді іріктеуден бастап, оған жүргізілген тексеріс нәтижесіне дейінгі ақпараттарды жинауға арналған.
«Кәсіпкерлік кодекс қабылданғалы бері жалпы тексеріс барысына деген көзқарас мүлде өзгерді. Бүгінгі таңда мемлекеттік орган тарапынан тексеріс тәуекелді бағалай отырып тағайындалады. Тексерісті тағайындау үшін мемлекеттік орган кәсіпкердің құқық бұзу ықтималдылығы туралы қолда бар бүкіл ақпаратты саралайды, соның нәтижесінде ықтималдылығы жоғары не төмен деп бағалайды. Яғни, бақылау органдарының тексерісі тексерілетін субъектілердің ықтималдылық деңгейіне тәуелді», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Ақмола облыстық арнаулы есептер бөлімінің аға прокуроры Толқын Мұқашева.
Тексеріс субъектілері мен объектілерінің бірегей реестрінде ықтималдылық деңгейін бағалау жүйелері автоматтандырылған. Солардың негізінде тексерістер тағайындалатын болады, тексеріс парақтары да солай. Бұдан былай жүйенің өзі құқық бұзушыларды таңдап, іріктейді, кімді, қашан тексеру керектігін анықтап отырады.
Бірақ ол үшін де заңнама талаптары сақталады, алдыңғы тексеріс нәтижелері есепке алынады, есеп беру мониторингтің нәтижесі, шағымдар мен өзге де ақпарат көздері есептеледі.
«Тексеріс субъектілері мен объектілерінің бірегей реестрі» жүйесінде «Тексеріс картасы» іске қосылған, ол кәсіпкердің тексерістер саны мен анықталған заңбұзушылықтарын көрсетіп, осы шақта өңірде қаншалықты сенімді екендігін айқындап отырады.
Толқын Мұқашеваның айтуынша, осы рейтинг кәсіпкердің еңбегін бағалауды тұтынушыларға ашық әрі қолжетімді етеді, келешекте тауардың, қызмет көрсетудің, жұмыстың сапасын көтеруге ынталандырады.
Бұл Картаны жасаушылардың айтуынша, ол қоғамдық бақылауды күшейтіп, адал кәсіпкерлерді көбейтіп, дұрыс бәсекелестікті дамытады.
Кәсіпкерлер үшін де жүйе көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр, тексерістің нәтижесімен онлайн танысуға, тексерістен кейінгі жиналған балл туралы ақпарат алуға, ықтималдылық деңгейін білуге болады.
Әр нәтижемен толыққанды танысуға, келіспеген жағдайда онлайн режимде шағымдануға болады. Кәсіпкер арнаулы форма арқылы тікелей прокуратура органдарына шағымдана алады. Егер мемлекеттік орган құқық бұзушылық ықтималдылығы жоғары емес кәсіпкерге қарсы тексеріс жүргізгісі келсе, жүйе оған мәлімет алуға қарсы болады.
Жалпы алғанда жүйе кәсіпкерге мемлекеттік бақылаудың барлық деңгейін қадағалап отыруға мүмкіндік береді, ол өз бизнесін ары қарай қай бағытта дамыту керектігін таңдай алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: