«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үздік экспорттаушы компаниялар марапатталды

2016 жылғы 06 Желтоқсан
4427 просмотров

Астана төрінде Қазақстан Республикасы Президентінің сапа саласындағы «Алтын сапа» сыйлығын табыстау салтанатында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала елі» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Қазақстан – дербестігін әлем мойындаған Ұлы Дала елі. Осындай бірегей елді экономика саласында дүние жүзіне мәшһүр ететін сапалы өнімдерді ортақ  бренд аясына түсіретін маркетингтік халық таңбасының қажеттілігі туды. Тұңғыш Президенттің бастамасымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасы ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ұлы дала елі» бірыңғай бренді ұлттық сыйлығы тағайындалды.

«Ұлы дала елі» ұлттық тауарды жаңа белеске шығаруға, бәсекелестікке төзімділік кеңістігін құруға, жаһандық дағдарысты игеруге бағытталған ұлттық сыйлық. Үздік экспорттаушы компанияларды іріктеу арқылы  Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан орын алу бағыты ілгерілейді.

Экспортқа бағыттанушылық, жергілікті қамту үлесі, халықаралық марапаттар болуы, брендтің Қазақстанның әлем аренасында қабылдануымен теңдестірілуі – «Ұлы дала елі» ұлттық сыйлығының басты талаптары. Жеңімпаздар қатарында өндірісінің кем дегенде 50 пайызы отандық шикізат, экспорт үлесі 30 пайыз құрайтын кәсіпорындар таңдалды.

Байқау шеңберінде 23 әлеуетті қатысушы өтінімдері қарастырылып, 12 үміткер іріктелді. Содан кейін олардың өндірістеріне комиссия жіберілді. Комиссия тексеру нәтижесінде Ұлттық палата сайтында онлайн дауыс беруге   6 үміткер шығарылды. 2 желтоқсанда дауыс беру қорытындысы бойынша үш үздік кәсіпорын іріктелді. Осы үш отандық компания, алыс-жақын шетелде танымалдылығын арттыру мақсатында, «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін қолдану құқығын иеленді.

Жеңімпаздарды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев марапаттап, «Ұлы дала елі» ұлттық сыйлығын табыстады. Үздік экспорттаушы үш компанияның бірі болып – Оңтүстік Қазақстан облысының «Кентау трансформаторлық зауыты» АҚ танылды. Зауыт 1959 жылы құрылған бүгінде қарамағында 1200 маман қызмет етеді. Зауыттың басты мақсаты нарыққа үздік электротехникалық өнімдерін шығару.

«Ұлы дала елі» ұлттық сыйлығының екінші белгісі Алматы облысының «Қайнар АКБ» ЖШС-на бұйырды. Аяғына нық тұрған «Қайнар АКБ»  жоғары сапалы аккумуляторлы батареялар өндірісімен айналысады.

 Сондай-ақ, «Ұлы дала елі» белгісіне лайық болып  «Рахат» АҚ кондитерлік фабрикасы танылды. «Рахат» Қазақстанның жетекші кондитерлік кәсіпорындаорының бірі. Өндірістік қуаты жылына 64 860 тоннаға жететін кәсіпорын тәтті өнімнің 300-ге тарта түрін өндіреді. Бүгінде алып компания 3500 адамды жұмыспен қамтып отыр.   

«Ұлы дала елі» бірыңғай бренді дәстүрлі түрде елдің үздік экспорттаушылары ретінде, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері есептелетін озық өнегелі отандық компанияларға жыл сайын табысталатын болады. Осылайша жалпыұлттық бренд аясында үздік қазақстандық өнімдер мен қызметтер шоғырландырылып, еліміздің айшықты белгісіне айналатын «Ұлы дала елі» бренді Қазақстанның халықаралық нарықтағы беделін көтереді және Ұлы дала елінің жоғары сапалы өнімін танытады. 

Тәуелсіздік тұғырын нығайтуда, ел экономикасын дамытуына үлес қосып келе жатқан әр кәсіпорынның орны ерекше. Оларды анықтап, жетістіктерін елеп, жаңа бастамаларға жігерлендіру «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз міндетіне алып отыр. Бүгін жүлде алған кәсіпкерлер жаңа бастамаларға құлшынып, жаңа белестерді бағындырмақ. Халқына адал қызмет етіп, бизнес саласын дамытуға атсалысқан кәсіпкерлерге сәттілік тілейміз.

 Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер