«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Студент-кәсіпкер – жаңа буын жаңалығы

2016 жылғы 21 Қараша
- Қызылорда облысы
9097 просмотров

Облыстағы колледждер студенттерді кәсіпкерлікке баулып жатыр

Жоғарғы оқу орнын тәмамдайтын түлектердің 15 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс табады деді облыстағы кәсіптік бағыттағы оқу орындарын аралап жүрген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов.

Өзінің сапарын Мұрат Әбенов Абылайхан атындағы колледжден бастап, ондағы дуальды білім беру жүйесіне қатысты өтіп жатқан семинарға қатысты. Семинарға осы саланың мамандары мен кәсіпкерлер де қатысты. ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары айтқандай, түлектердің тек 15 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс табады. Сол себепті бүгінгі таңда кәсіптік білімі бар білікті жұмысшыларға сұраныс артып отыр. Мұрат Әбенов жастарды мемлекеттік бағдарламалар ұсынып отырған мүмкіндіктерді жіберіп алмай, өз бизнесін ашып, кәсіпкерлікке қадам басуға шақырды. Бұл үшін Кәсіпкерлер палатасы оларға мейлінше жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары колледждің материалды-техникалық базасына оң бағасын берді. 

«Кездейсоқ жағдайдан ешкім толық сақтана алмайды. Техникалық апаттар, табиғи апаттар бүгінгі әлемнің бір бөлшегіне айналды. Ондай кезде білікті мамандардың көмегі қажет. Біздің елде сондай мамандар өте аз. Абылайхан атындағы колледжде студенттерді осындай бағыттарда оқытатыны қуантып отыр. Олардың оқу даярлығы да көңіл көншітерлік. Оқу базасы мықты, оқытушылары да білікті мамандар екен», – деді М.Әбенов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары барған келесі нысан М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж болды. Мұнда оны «Студенттердің бизнес-инкубаторы» атты жобамен таныстырды. Колледж басшысының бастамасымен басталған бұл жоба екі жыл бұрын енгізіліп, жақсы жолға қойылып келеді. Осы жобаның арқасында колледж студенттері оқудан тыс өз кәсібін тәжірибе жүзінде меңгере алады. Жобаның жүзеге асу жолы былай: жобаға қатысушылар аз уақыт ішінде, шамамен 40 сағат теориялық білім алады. Өткен сабақтың қорытындысы есебінде студент арасында кәсіпкерлер палатасының мүшелері де бар арнаулы комиссияға өзінің бизнес-жобасын ұсынады. Ең үздік жобаның авторына толық жабдықталған кеңсе тегін беріліп, Кәсіпкерлер палатасы бизнес-тренерлермен, кәсіпкерлермен, Алматы менеджмент университетінің лекторларымен кездесу ұйымдастырады.

Білімге деген осындай тәсіл өзінің жемісін бере бастады. Қазіргі таңда осы колледждің төрт студенті кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Олар бүгінгі кезде репетитор, логопед, визажист, коучинг қызметтерін ұсынып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер