«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ләззат Рамазанова: «586 мың әйел кәсіпорын басқарып отыр»

2016 жылғы 26 Қазан
- Алматы қаласы
11720 просмотров

Сарапшылар жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласындағы әлеуметтік жағдайы төмен әйелдерге көмек көрсету мәселелерін талқылады

Орталық Азиядағы «БҰҰ-әйелдер» кеңсесі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы,  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасы-демографиялық істер жөніндегі ұлттық комиссияның, әйелдердің әлеуметтік және еңбек құқықтары саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары әйелдерді жұмыспен қамту және кәсіпкерліктің түйткілді   мәселелерін талқылау үшін бас қосты.

«БҰҰ-әйелдер» ұйымының зерттеулеріне қарағанда, Қазақстанда бүгінгі таңда әлеуметтік жағдайы нашар әйелдерді  жұмыспен қамту үшін барлық жағдай жасалған. Алайда мұнда да біраз күрмеуі шешілмеген мәселе бар. Мысалы, шығыс әйелінің менталитеті, инфрақұрылымның дамымауы, қаржы құралдарының қолжетімсіздігі ауылдағы әйелдердің белсенділігінің төмен болуына әсер етуде.  

Бұл мәселеде «Атамекен» Ұлттық  палатасы маңызды рөл атқарады. Ұйым жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесі әлеуметтік жағдайы нашар жүз мыңдаған әйелге үлгі-өнеге болатын көшбасшылардың басын қоса білді.

«Қазақстандағы 9 млн әйелдің ішінде 4 млн-дайы еңбекке жарамды. 586 мың әйел кәсіпорын басқарып отыр! Еліміздегі ЖІӨ-нің 41,1%-ын әйелдер бизнесі құрайды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылық құрамының 45%-ы – әйелдер, яғни ұйым деңгейінде гендерлік теңдік байқалады. Әйелдер бүгінде ерлермен тең, тіпті кейбір жағдайларда ер адамға бәсекелес болуда. Ұлттық кәсіпкерлер  палатасы жанынан Іскер әйелдер кеңесін құрдық,  бүгінде Қазақстанның әр ауданында осындай Кеңес жұмыс істейді.  Иә, қала әйелінің іспен шұғылдануына мүмкіндік мол, бірақ аудан, ауыл әйелдерінің өмірінде әлі де өзгеріс жоқ. Сонымен қатар біз өзін-өзі танытқан жандарды ғана емес, өз ісін бастауға ниет-құлшынысы бар әйелдерді де қатарымызға тартамыз. Іскер әйелдерді біріктіріп, «Бастау» бизнес-мектебіне оқытуға жібереміз. Биыл біз алғаш рет бизнеске  шағын несие беру  жүйесін аштық, әзірге жоба сынақ ретінде, Қазақтанның 6 өңірінде – Манғыстау, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Қостанай  және  Жамбыл облыстарында жұмыс істеп жатыр. Ауыл әйелдерінің қызығушылығы артып келеді.  Бірақ ақшаны әрдайым дұрыс жұмсай білу керек. Әр ауылдың сипаттамасы бар Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын жасадық. Карта арқылы қай өңірде қандай бизнес жүргізуге болатындығын болжаймыз,  ақыл-кеңес береміз. Мысалы, Алғабас ауданында нарыққа  маркетингтік талдау  жүргізе отырып,  күрке тауық өсіргісі келген әйелге басқа жобамен шұғылдануға кеңес бердік. Дуальды білім беру жүйесін де енгіздік, бұл жүйеде әр әйел қайтадан біліктілігін арттырады, мамандығын өзгертеді, өмірін өзге арнаға бұра алады. Тек қана білім, әдіс-амал  және қаражат керек, осының бәрін беріп отырмыз», – дейді «Атамекен» Ұлттық  кәсіпкерлер палатасы  Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, әйел адамның мүмкіндегін жарқырата көрсетуге жол ашатын тренингтер мен курстар жеткілікті. Жұмысқа орналасуда, кәсіпкерлік бастамада, мүгедек әйелдерге арналған салықтық преференция жүйесін әзірлеуде нақты іс-шаралар қажет. Ал гендерлік теңдікті алға жылжытуда септігін тигізетін шараларды жүзеге асыратын күш-жігерді ҰКП әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдармен бірге үйлестіруі тиіс. Тек осындай тәсіл ғана гендерлік тепе-теңдіктің  ұлттық саясатын шешуде қоғам мен мемлекет арасындағы  серіктестіктің жаңа үлгісін жандандыруға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер