«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Теңге бағамы оң сипатқа ие

2016 жылғы 25 Қазан
10253 просмотров

Қазақстанның Ұлттық банкі нарықтық пайыздық мөлшерлемелер қалыптастыруға екпін береді

Қазақстанның ақша нарығында теңге өтімділігінің құрылымдық профициті сақталуда. «Осыған байланысты Ұлттық банктің шамадан тыс өтімділікті алу бойынша операцияларының көлемдері артуда», – деп мәлімдеді Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев Үкіметте өткен жиында. Ұлттық банк төрағасы «ақша нарығындағы мөлшерлемелер базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің шекарасының ішінде қалыптасады» дегенді де қоса айтты.

«Пайыздық мөлшерлемелердің нарықтық құрылымы өтеуге дейінгі мерзім бойынша болжалдарға сәйкес қалыптаса бастайды. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет резидент еместер тарапынан ноталарға деген сұраныс туып отыр, бұл ұлттық валюта курсының тұрақтылығына деген сенім мен пайыздық мөлшерлемелердің баламалылығын көрсетеді», – деп сендірді Данияр Ақышев. Бұдан бөлек, ол «Ұлттық банк жұмысының негізгі екпіні ақша нарығында нарықтық пайыздық мөлшерлеме қалыптастыруға бағытталғандығын», «бұл экономикадағы ақшаның объективті бағасын анықтауға» мүмкіндік беретінін айтты. «Онсыз банктер нарықтық жағдайлардағы нақты секторды несиелендіре алмайды. Естеріңізге сала кетсем, 2016 жылдың 3 қазаны күні Ұлттық банк 12,5% көлеміндегі базалық  мөлшерлемені бекіткен еді», – деп атап өтті Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы «жалпы алғанда, жағдай тұрақты болып қалуда» деп, қаржы нарығындағы жағдайды сипаттап берді. Қаржыны реттеуші мекеме берген мәлімет бойынша, «2016 жылғы 1 қыркүйек күні жұмыс істемей тұрған берешектердің үлесі банктердің қорытынды қарыз қоржынының 8,4%-ына тең болды», сондықтан олар «қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша» жұмысты жалғастыра бермек.

«Ел экономикасындағы дағдарыс жағдайларында Ұлттық банк қаржылық нарықты реттеудің контрциклдік сипатын ұстанып, банк секторының жағымсыз жайттарға тұрақтылығын жүйелі түрде бағалап отыратын болады», – деп мәлімдеді Данияр Ақышев.

Ақша нарығындағы жағдайды бағалай отырып, Ұлттық банк басшысы «қазір нарықта теңге бағамының күн сайын болар-болмас тербеліп тұрғандығы байқалатындығын» айтты.

«Бұл ретте Ұлттық банк сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қалыптасып жатқан негізгі трендке кедергі келтірмейді», – деп сөзін жалғады Данияр Ақышев. «Теңге бағамы қазіргі кезде оң сипатқа ие негізгі жайттардың әсерінен ғана қалыптасады», – деп ойын түйіндеді ол.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер