«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үздік кәсіби колледж анықталды

2016 жылғы 27 Қыркүйек
- Жетісу облысы
9505 просмотров

Талдықорғанда «Үздік техникалық және кәсіби білім беру оқу орны» анықталды.

Дуальды білім беруді дамыту – Кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Сол себепті республикалық дуальды білім берудің жол картасы жасалып, қолданысқа енгізілді. Бүгінде оған Алматы облысының 18 колледжі қатысуда. Техникалық және кәсіби білім беру жүйесіндегі алдыңғы қатарлы тәжірибемен бөлісу мақсатында Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі базасында  жыл сайынғы «Үздік техникалық және кәсіби білім беру оқу орны» байқауы өтті.

Байқау орта топ мамандарын даярлаумен айналысатын колледждердің басын біріктірді. Шара ТжКБ (авт. – техникалық және кәсіби білім беру) оқу орындарының жетілуіне, дамуына мүмкіндік беріп, ынталандырады. Сондай-ақ, мамандар даярлау сапасын қамтамасыз ету жүйесін дамытуға жол ашады. Биыл байқауға облыстың 9 колледжі қатысты. Байқау екі кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар оқу орындарын таныстырды. Қазылар алқасы шағын және орта бизнеске аса қажетті мамандықтарды даярлау деңгейіне, кеңістікті ақпараттандыру бағдарламасын жүзеге асыруға, оқу орнының оқытушылары мен өндіріс шеберлерінің біліктілігін жетілдіру деңгейіне баға берді. Екінші кезеңде қатысушылар оқыту-тәрбие процесіне тоқталды. Кәсіби қазылар даму жоспарын анықтап қана қоймай, оқу-материалдық, техникалық базамен танысты. Сонымен бірге, олар колледждердің кәсіпорындар, жұмыс берушілермен байланысын жандандыру бойынша жоспарланған жұмыстарына да қанық болды.

Техникалық және кәсіби білім беру оқу орындары байқауының қатысушылары ғылыми-әдіснамалық қабілеттерімен бірге, актерлік және музыкалық өнерлерін де ортаға салды. ӨКП адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаеваның айтуынша, колледждерде жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнаған.

«Бүгінгі таңда оқу-тәрбие процесінде басым бағыттардың бірі жұмыс берушімен байланыс орнату болуы тиіс. Байқауда біз колледждер мен кәсіпорындардың арадағы ынтымақтастығына куә болдық. Әріптестік қарым-қатынастар – еңбек нарығы жағдайларын, сұраныс тепе-теңдігі мен жұмыс күшін ұсынуды, мекемеге дұрыс қызметкерлерді таңдап алуды реттейтін басты құрал», – деді ол.

Осылайша, Алматы облысы бойынша техникалық-кәсіби білім беретін үздік оқу орны ретінде Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі танылды. Жеңімпазға 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталды. Қаржы білім ордасының материалдық-техникалық базасын күшейтуге жұмсалмақ. Ал колледждің жұмыс тәжірибесі өңір колледждерінің білім беру стандарттарына ұсынылатын болады. Екінші орынды Сарқанд гуманитарлық колледжі иеленсе, үшінші орын Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіне берілді.

«Біздің облыста техникалық және кәсіби білім беру бойынша 73 оқу орны жұмыс жасайды. Олардың арасында мемлекеттік әрі жекеменшік оқу орындары да бар. Біз оларда өзара бәсекенің және білімнің болғанын қалаймыз. Олардың білімі бүгінгі заман талаптарына сай болғаны жөн деп есептейміз», – деді облыстық білім беру басқармасы жетекшісінің орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Естеріңізге сала кетейік, дуальды оқыту бағдарламасы бойынша 90-нан астам әлеуметтік серіктес жұмыс жасайды, ал үшжақты келісім бойынша мамандарды даярлау бағытында 400 серіктес қызмет етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер