«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда шетелден инвестиция тарту жұмыстары қарқын алды

2016 жылғы 06 Қыркүйек
- Алматы қаласы
8897 просмотров

Инвестициялық форумдар қаланың барлық аудандарында өтеді

Алматының Медеу ауданында алғашқы «МедеуИнвест-2016» инвестициялық форумы басталды. «Қызмет көрсету және туризм саласы» атты тақырып форумға кездейсоқ таңдалып алынбаған. Дәл осы екі бағыт аудан экономикасында басымдыққа ие. Аймақта 500-ден астам қоғамдық тамақтандыру орындары (кафе, барлар, мейрамханалар) қызмет етеді. Биыл болса, жергілікті билік пен қалалық туризм басқармасының бастамасымен алғашқы «Жайлау» этнокафесі ашылған. Оған  450 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар, Медеу ауданында 20-дан астам сауда орталықтары мен Алматыдағы әрбір төртінші қонақ үй орналасқан.

Инвестициялық форумдар легін аша отырып, Алматы қаласының әкімдігі капитал тарту мәселесін жаңа деңгейге шығаруға үміттенеді. «Алматы қаласының Медеу ауданында 11 мың кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар қаланың барлық салық түсімдерінің 30%-ын қамтамасыз етеді. Алматыдағы инвестицияның 20%-ы Медеу ауданына тиесілі. Бұл жерде «Тайота», «Шеврон», «Procter and Gamble» сынды әлемдегі алпауыт кәсіпорындардың филиалдары, өкілдіктері мен дистрибьюторлық орталықтары орналасқан. Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар. Ал Медеу ауданында әртүрлі қызметтер, соның ішінде туристік қызмет ұсынатын көптеген компаниялар шоғырланған», - деп хабарлады форум қонақтарына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Ол биыл Медеу ауданында 4 жаңа қонақ үй пайдалануға берілгенін атап өтті. Универсиадаға дейін әлемдік брендке айналған «Нователь» және «Кемпински» қонақ үйлерін ашу жоспарланып отыр. «Бірақ хостелдер желісін де дамыту қажет. Бұл – сіздер, кәсіпкерлер, толтыра алатын еркін нарық.  Бізді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бірақ біз инвесторларға қолдау көрсетуге және кәсіпкерлікті дамытуға барынша күш саламыз», – деп айта кетті Әукенов.

Алматы Кәсіпкерлер палатасының  директоры Юрий Тілеумұратов, өз кезегінде, Инвесторларға көмек көрсету орталығы мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы инвесторлық  қолдау туралы баяндап берді.

«Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасын жасап шықты. Ол шетелдік инвесторлар үшін ыңғайлы нұсқаулыққа айналады деп үміттенемін. Алматы бойынша Картаға 32 инвестициялық жоба енді.  Қала ерекшеліктерін ескерсек, аталған жобалар қала экономикасының басым салаларындағы өсудің жаңа нүктелері болып табылады. Сондай-ақ оған өңірдегі бизнес-ортада кездесетін кедергілер, тосқауылдар мен бәсекелестік сынды артықшылықтар туралы кәсіпкерлер арасында  жүргізілген сауалнама қорытындысының талдауы кіреді. Қазіргі таңда жиналған материалдар Алматы қаласының салалық басқармасына жіберілді», – деп хабарлады Юрий Тілеумұратов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер