«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нәзік жандар мал шаруашылығымен де айналыспақ

2016 жылғы 03 Маусым
19220 просмотров

Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің келешегі «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің ІІ Конгресінде талқыға салынды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың алғы сөздерінен кейін сөз кезегі өңірлерден келген іскер әйелдерге берілді.

Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салықова шағын несие беру бағдарламасының іске асыру барысын сөз етті. «Маңғыстау облысы –  Ұлттық палатаның қатысуымен сынақ тәртібінде басталған шағын несие беру бағдарламасына енгізілген алғашқы төрт өңірдің бірі. Облысымызда жарғылық капиталдың 49%-ын облыстық әкімдік қамтамасыз етсе, ал қалған 51%-ы ҰКП-ға тиесілі. Жалпы жарғылық капитал 588 млн теңге болды. Іскер әйелдер кеңесінің ықпал етуімен осы соманың 150 миллион теңгесі мақсатты түрде ауыл әйелдеріне бөлінді», – деп мәлімдеді ол.

Салықова осы жылдың 15 мамырына дейін 25 өтініш келіп түссе, соның 8-ін кәсіпкер әйелдер бергенін, ол жалпы көрсеткіштің 30%-на тең екенін атап өтті. Ауданда әйелдер дәмхана, сұлулық салондары мен фитнес-орталықтар ашып, мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытуда екен. «Осы сапарларға, кәсіпкер әйелдермен және атқарушы органдармен өткізілген кездесулерге, Маңыстау өңіріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің ахуалына талдау жасай келе, біз басымырақ бағыттардың бірі мал шаруашылығын жандандыру деген қорытындыға келдік. Барлық энциклопедиялық анықтамалықтарда кеңестік кезеңде біздің өңіріміздегі түйе санының 2 млн басқа жеткендігі жазылған. Біздің міндетіміз – ауыл әйелдерінің көмегімен шұбат, қымыз, балқаймақ, ірімшік сияқты халық арасында жоғары сұранысқа ие табиғи таза өнімдер шығару үшін түйе мен жылқы санын арттыру», – деп мәлімдеді ол.

«Бөдене мен түйеқұс өсіру де Маңғыстау өңірінің климаттық жағдайларына сай келеді. Жеңіл өнеркәсіпті жандандыру қажет – жүн өңдеу, төсек жапқыштар шығару, эконом-класқа арналған киім тігу. Бұдан шығатыны – тігін цехтарын ашу», – деп сөзін жалғады бизнес-ханым.

Сондай-ақ, ол өңірде бала бақшалардың, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дамыту орталықтары мен орта жастағы әйелдерге арналған кәсіби курстардың жетіспейтіндігін тілге тиек етті.

«Бізде ұсыныс та бар. Ираннан бір бизнесмен келді, бір-екі күн бұрын онымен кездестік. Ол қоғамдық бастама негізінде әйелдерге кілем тоқуды үйретуге дайын, әрине, біз оған қатты қуанып қалдық», – деді Салықова.

Одан бөлек, Өңірлік кеңестің төрайымы өңірде бірыңғай стильдегі жол бойындағы туризм мен этно және эко туризмді дамытуға шақырды. «Жоғарыда аталған барлық бағыттар отбасылық бизнес негізінде дамуы қажет», – деп сөзін қорытындылады С.Салықова.

Конгресте Іскер әйелдер кеңесінің ең жас мүшесі «UMAIANA» жобасының бас үйлестірушісі Диана Рәтбекова да сөз алды.

«Кәсіпкерлікпен айналысуға шешім қабылдаған әйелдерде сұраныс көп. Ол дегеніміз – бастапқы капитал, бизнеске арналған орын, ең бастысы ақпаратқа деген мұқтаждық. Бұл нормативтік-құқықтық нормалардан бастап, қандай да бір бизнес саласындағы әлемдік трендтерге, жаңалықтарға дейінгі барлық салаларда байқалады. Ақпаратқа қанығу дегеніміз – әйел адамның аяғынан тік тұрып, кәсіпкерлікте алғашқы қадамын жасаудағы басты іргетас емес пе? Бұл мәселені umaiana.kz платформасы арқылы шешуді көздеп отырмыз. Біздің міндетіміз – кәсіпкер әйелге көмектесіп қана қоймай, жалпы жүйе құру, кәсіпкерлік мәдениетті дамыту», – деді ол.

Umaiana.kz – тек қана қазақстандық бизнеске бағытталған үдемелі бизнес-алаң. Ол қолданушыларды дәстүрлі бизнеспен айналысуға ғана емес, жаңа бір нәрсе ойлап тауып, онымен бөлісуге шабыттандыруға арналған. «Біздің платформа – қазақстандық кәсіпкерлерге бір-бірімен емін-еркін байланыс орнатуға, тәжірибе алмасуға және тиімді әріптестік табуға, ауылдың, облыстың шеңберінен шығуға мүмкіндік беретін қауымдастық», – деп ойын ортаға салды Рәтбекова.

Конгерсс Қазақстанның іскер әйелдерін салтанатты түрде марапаттаумен аяқталды. «Атамекен» ҰКП-ның ІІІ дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалі өңірлік іскер әйелдер кеңестерінің басшылары мен мүшелеріне табыс етілді. Олардың арасында «Қазақстанның халық банкі» АҚ Басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова (Алматы), Павлодар облысындағы Өңірлік кеңестің және Іскер әйелдер кеңесінің директоры Райхангүл Сатабаева, «Өнерпаз» ЖШС директоры Әлия Бекқожиева, «Территория дизайна» студиясының және «Coffee & people» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы КП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салықова, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова (Шығыс Қазақстан облысы) және Парламент мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменовалар (Атырау облысы) бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер