«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

1-инвест: есепті тапсырмасаң – айыппұл төлейсің!

2016 жылғы 26 Ақпан
- Ақмола облысы
28242 просмотров

Кәсіпкерлердің Облыстық статистика департаментінің іс-әрекеттеріне жасаған шағымдары сот тәртібімен қарастырылады

Бұл туралы Ақмола облыстық Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мәлім болды. Бизнес субъектілері мемлекеттік органның бастапқы статистикалық мәліметтерді белгіленген мерзімде тапсырмағаны үшін айыппұл төлеуге міндеттегеніне наразылықтарын білдірді.

Расымен де, ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» заңының 19 бабына сәйкес, мемлекеттік орган тиісті графикті бекіткен, оған қоса, Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен 1 қаңтардан бастап статистикалық жұмыстардың жоспары енгізілген.

Осы құжаттарға сәйкес, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелері, жұмысшылардың санына қарамастан, ай сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 2-ші күнінен қалдырмай 1-инвест «Негізгі капиталға салынған инвестициялар туралы есеп» статформасын тапсыруы тиіс.

Бекітілген талаптарды орындамаған жағдайда, заңнамаға сәйкес, айыппұл санкцияларына әкеп соғады (олар аз емес): физикалық тұлғаларға 10 АЕК мөлшерінде, коммерциялық емес ұйымдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 14, орта бизнес субъектілеріне – 20, ірі бизнеске – 120 айлық есептік көрсеткіш.

Алайда, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Кәсіпкерлік кодексі күшіне енді, оның 13-бабында мынадай регламент бекітілген: «Құқық бұзушылықтар профилактикасының және кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды орындау уәждемесінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану алдында басымдығы бар».

Өңірлік палата сарапшыларының пікірінше, кәсіпкерлерге таңылған айыппұл санкциялары қазіргі экономикалық жағдайда аса қатаң және, жұқалап айтқанда, негізсіз. Мысалы, шағын бизнес субъектісі статистикалық мәліметтерді тапсыру мерзімін өткізіп алды делік, бірақ  бәрібір де оны форма бойынша тапсырды, алайда ол автоматты түрде лауазымды тұлғалар тарапынан әкімшілік жазаға тартылады. Айталық, ЖК үшін ең аз айыппұл – 29 694 теңге.

Бұл жағдайда, кәсіпкер статистикалық мәліметтердің 1-инвест формасын бос графаларымен береді (!), өйткені, кәсіпорында инвестициялық қызмет жүргізілмейді де, жоспарланбайды да. Аталған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық құрамы жоқ екені түсінікті жайт.  

ӨКП-ның құқықтық блогының сарапшылары ҚР КК 13-бабы 2- тармағына сәйкес, бизнес субъектісі жасаған құқықбұзушылық үшін мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары оның сипаты мен ауырлығына сәйкес келуі тиіс деп есептейді. Шенеуніктердің хаттамаларында әкімшілік құқықбұзушылықтар, әкімшілік жазалау тағайындау туралы қаулылары ҚР ӘҚК 497-бабы 2-тармағындағы санкциялар негізінде ғана құрылғаны көрініп тұр және бұл Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келеді. Оған қоса, кейбір хаттамаларда статистикалық мәліметтерді тапсыру туралы айтылған нормативтік-құқықтық актілерге сілтеме мүлде жасалмаған, атап айтқанда, ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 19-бабы, ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.10.2015ж. № 678 бұйрығының тармақтары.

Статистика департаменті өкілдерінің айтуынша, олар регламентке сәйкес әрекет еткен. Алайда, олардың бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін іс-әрекетінің нәтижесінде, бизнеске ауыр салмақ түседі. Әлбетте, заң бәріне бірдей, оны білмеу жауапкершіліктен құтқармайды, бірақ оның нормаларын тұтынушыға дұрыстап жеткізу және дер кезінде түсіндіру керек. «Мемлекеттік орган (статистика департаменті) тарапынан заңнама нормаларын жеткілікті түсіндіру шаралары кемшін», – дейді облыстық Әділет департаментінің басшысы, Кеңес мүшесі Анатолий Дермановский. «ForteBank» АҚ Көкшетау филиалының директоры Талап Рахманов та онымен келіседі: «Іс-шаралардың жария болуы тым мардымсыз».

«Статистика департаменті қадағалаушы-жазалаушы орган емес, оның құзырына тек статистикалық мәліметтерді жинау және талдау кіреді», – деп атап көрсетті облыстық Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Қуаныш Жапақов.

Кеңес мүшелері мемлекеттік орган мен ӨКП заңнаманы түсіндіру жөнінде белсенді жұмыс жүргізуі қажет екендігіне тоқталды.

Сонымен бірге, сот инстанцияларына өңірлік палатаның талап-арызы берілді, онда сарапшылар мыналарды: әкімшілік құқықбұзушылық орын алды ма, оны жасаған тұлғалар кінәлі ме, ол әкімшілік жазалауға жата ма, мүліктік нұқсан келді ме, және қалыптасқан жағдаятты дұрыс реттеу үшін мәні зор  басқа да мән-жайларды қарауды өтінді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер