«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақша мен мүлікті «көлеңкеден» шығаратын кез келді

2016 жылғы 12 Ақпан
- Ақмола облысы
10858 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы мүлікті заңдастырудың ерекшелігін түсіндірді

Заңдастыруға қатысты кейбір жиі қайталанатын сұрақтарға ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Валентина Геращенко түсіндірме берді

- Ең алдымен, «заңдастыру» деген не ұғымды білдіретінін еске салып кетейін. Бұл тұлғаның жасырылған, не болмаса рәсімділмеген  немесе басқа адамның атына рәсімделген мүлікке деген  құқықтарын мемлекеттің мойындау рәсімі.  Бұл рәсім 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылғаны мәлім. Заңдастыру субъектілері қатарына Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және біздің елімізде ықтиярхаты бар тұлғалар кіреді. Заңды тұлғалар заңдастыру субъектісіне жатпайды.  

- Валентина Сергеевна, қандай мүлікті заңдастыруға болады?

- Ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі, басқа біреудің атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, Қазақстанның территориясындағы жылжымайтын мүлік, Қазақстаннан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік, Қазақстаннан тыс жерлердегі ақша, құнды қағаздар, қатысу үлесі, сондай-ақ, басқа тұлғаға рәсімделген жылжымайтын мүлікті, егер де мұндай мүлік басқа ұйымға сенімгерлікпен басқаруға берілген (траст) және заңдастыру субъектісімен арада келісім-шарттық қатынастар мен  міндеттемелер болған жағдайда заңдастыруға болады.

 - Қазақстанда орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін қандай құжаттар керек? Комиссия қанша уақытта шешім шығарады?

 - Заңдастыру субъектісі әкімдік жанынан құрылған мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға мынадай құжаттарды беруі тиіс: 1) мүлікті заңдастыру туралы 2 дана өтініш; 2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (өтініш беру кезінде түпнұсқаны көрсету керек); 3) нысанның Құрылыс  нормалары мен ережелеріне сәйкестігін және ғимараттардың техникалық тексерілуін жүзеге асыратын аттестацияланған сарапшының тұжырымы; 4) жылжымайтын мүлік нысанының  техникалық паспорты.

- Комиссия Қазақстанда орналасқан жылжымайтын мүлікті заңдастыру туралы шешімді қанша мерзімде шығарады?

- Комиссияның өтініштерді қарау мерзімі – өтініш берілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн. Комиссияның қарау қорытындысы бойынша заңдастыру жөнінде шешім шығарылады, бұл шешімді заңдастыру субъектісіне береді, мәліметтер заңдастырылған мүлік тізіліміне енгізеді. Одан әрі қарай заңдастырылған жылжымайтын мүлік, заңдастыру субъектісі туралы ақпаратты комиссия жылжымайтын мүлік жөніндегі мемлекеттік құқықтарды тіркейтін органдарға береді.

-Мүлікті заңдастыру үдерісінде алынған ақпараттың құпиялығы қамтамасыз етіле ме?

- «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы бойынша мүлікті заңдастыру үдерісінде алынған ақпараттың құпиялығына Қазақстан Республикасының заңдарымен кепілдік беріледі. Заңдастыруды жүргізу үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтер салықтық, банктік және басқа құпия ретінде заңмен қорғалады.

 - Бір рет ұсынылған жылжымайтын мүлікті қайта заңдастыруға өтініш беруге бола ма?  

- Егер мүлікті заңдастыруға ұсынылған құжаттарды қайтарып берген жағдайда, жіберілген кемшіліктерді жою үшін өтініш беруге болады.  

- Ақшаны заңдастыру тәртібі қалай?

 - Заңда ақшаны заңдастырудың мынадай тәртібі қарастырылған: ақшаны ұлттық және (немесе) шетел валютасымен екінші деңгейлі банкте немесе «Қазпоштада» ашылған жеке ағымдағы шотқа енгізу, бұл жағдайда заңдастырушы субъектіге растайтын анықтама беріледі, не болмаса заңдастырылған ақша сомасынан 10% алым төлеу (мүлікті заңдастырғаны үшін алынатын алым арнайы декларацияны ұсынбай тұрып төленеді). Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына арнайы декларацияны көрсету көзделген.

- Заңдастырылған ақшаны иелену жөнінде шектеулер бар ма және оларға табыс салығы салына ма?

 - Заңдастыру субъектілері заңдастырылған ақшаны қалауынша жұмсай алады, оның ішінде қазақстандық қор биржасындағы құнды қағаздарға, «Астана» ХҚО қаржы құралдарына, басқа да нысандарға инвестициялауға құқылы. Заңдастырылған ақшаларға табыс салығы салынбайды, себебі заңдастырылған мүлік пен ақша заңдастыру субъектісінің табысы деп танылмайды.

- Қазақстаннан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлікті заңдастыруға бола ма? Және де Қазақстандағы, бірақ басқа тұлғаның атына рәсімделген мүлікті заңдастыру мүмкін бе?

- Қазақстаннан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлікті заңдастыруға әбден болады. Ал, екінші сұраққа келсек, заңдастырушы субъектілер басқа адамның атына рәсімделген мүлікті (ақшадан басқа) заңдастыру үшін аталмыш науқанды пайдалануға құқылы. Бұл үшін тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына арнайы декларацияны тапсыруы қажет және қосымша мына құжаттарды ұсынады: заңдастырылатын мүлікке меншік құқығын білдіретін құжаттың нотариалды расталған көшірмесі; мүлікке меншік құқығын басқа тұлғадан заңдастырушы субъектіге ақысыз немесе басқа түрде беруі туралы келісім-шарттың нотариалды расталған көшірмесі, басқа да құжаттар мен мәліметтер (заңдастырушы субъектінің қалауы бойынша).

- Жер телімін, онымен қоса үйді  ауыл шаруашылығына жарату үшін заңдастыруға бола ма?

- Жер телімі заңдастыруға жататын мүліктер тізіліміне кірмейді. Ал ол жерге салынған нысандар жер телімінің арнаулы мақсатына, сондай-ақ, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келуі тиіс. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер теліміне салынған үй заңдастыруға жатпайды.

- Туысына тиесілі жер теліміне салынған құрылысты заңдастыруға бола ма?

- Жоқ, болмайды. Себебі заңдастырылатын құрылыстар құқық меншігіне сәйкес заңдастырушы субъектіге тиесілі жер телімінде болуы тиіс.

Егер де үй 2016 жылдың соңына дейін салынып бітсе, оны заңдастыруға бола ма?

- Заңдастыруға субъектінің 2014 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, яғни, заңдастыру науқанының басталуына дейін алған немесе оған тиесілі мүліктері ғана жатады.  

- Заңдастырылған мүлікті рәсімдеуге қажетті шығындарды кім өтейді?

- Мүлікті заңдастыруға қажетті шығындарды заңдастырушы субъектінің өзі төлейді.  

- Арнаулы декларация деген не?

- Арнаулы декларация – бұл мүлікті заңдастыру туралы декларация. Оны заңдастырушы субъектілер қағаздағы құжат түрінде мемлекеттік кіріс органдарына тапсырады.

- Мүлікті заңдастыру үшін құжаттарды қай мерзімге дейін беруге болады?

- Қазақстан территориясындағы жылжымайтын мүлік құжаттарын беру мерзімі 2016 жылдың 30 қарашасында аяқталады.

Басқа мүліктерді заңдастыруға арналған құжаттарды тапсыру мерзімі заңдастыру аяқталғанға 5 жұмыс күні қалғанда аяқталады.

- Мүлік қай мерзімнен бастап заңдастырылды деп есептеледі?

- Заңдастырылған мүлік дегеніміз: Қазақстан территориясындағы жылжымайтын мүлік – комиссияның заңдастыру туралы шешімі шыққан күннен басталады;

Ақша – тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органы екінші деңгейлі банк немесе «Қазпошта» берген анықтаманың көшірмесімен, не болмаса мүлікті заңдастырғаны үшін алымды төлегені туралы түбіртектің көшірмесімен бірге, арнаулы декларацияны қабылдаған мерзімнен бастап;

Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлік (ақшадан басқа) – тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органы қосымша растайтын құжаттармен бірге арнаулы декларацияны қабылдаған мерзімнен бастап;

Қазақстан территориясындағы, басқа адамға рәсімделген мүлік (ақшадан басқа) –  тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органы растайтын қосымша құжаттармен бірге арнаулы декларацияны қабылдаған мерзімнен бастап.

- Несие ретінде алынған ақшаны заңдастыруға бола ма?

- Мұндай ақша заңдастыруға жатпайды.

- Меншік құқығы сотта таласқа түсіп жатқан мүлікті заңдастыруға бола ма?  

- Мұндай мүлік заңдастыруға жатпайды.   

- Мүлікті заңдастыру кезінде Комиссияның шешімен, мемлекеттік кіріс органымен, сондай-ақ басқа да әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келіспеген жағдайда шағымдану тәртібі қандай?

- Ондай тұлға Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.


Ұқсас жаңалықтар:

Мүлікті заңдастыру – өзекті тақырып
22 Ақпан
2016
Маңғыстау облысы
Кәсіпкер үшін маңыздысы - заңдастыру!
26 Мамыр
2015
Ақтөбе облысы

Еншілес ұйымдар

Серіктестер