«Мемлекеттік сараптау» - монополист пе?
Мемлекеттік органдар жеке меншік сарапшылардың қорытындыларын мойындамайды
Жеке кәсіпкер Юрий Шегай билікпен дауласуда. Техникалық жөндеу станциясын ашуды ойластырып жүрген бизнесмен құқық белгілеу құжаттарын беруден үзілді-кесілді бас тартып отырған Мемлекеттік сәулет және құрылыс бақылау басқармасына наразылығын білдіруде. Басты кедергі жалғыз құжат – жоба сараптамасы болып отыр. Сараптауды қызметі Қазақстанда аталмыш қызметті көрсетуге аккредиттелмеген жеке меншік институт өткізген.
Сараптау қорытындысын бір ғана құрылым – ҚР ҰЭМ Құрылыс істері, ТКШ және жер ресурстарын басқару комитеті «Мемлекеттік сараптау» РМК («Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау») беруге құқылы екені анықталды. Алайда мемлекеттік орган сұрап отырған сома аса жоғары – анықтама үшін 1 млн. теңгеден асады. Ал жеке меншік жобалау ұйымдарында аталмыш қызмет бірнеше есе арзанға бағаланады – шамамен 300 мың теңге.
Алматының өзінде ғана сараптау қорытындысын беру жөніндегі жеке меншік құрылымдардың екі жүзден асып түсетінін атап өту керек. Оның үстіне, бұл ұйымдардағы мамандардың қолында аталмыш қызметті көрсетуге лицензиясы бар.
Осылайша, нарықта өз тауашасына ыңғайлы жайғасқан «Мемлекеттік сараптау» сөзсіз монополист болып шықты, ал бизнес шығыны айтарлықтай өскен.
Кеңес барысында аталмыш түйткіл – Ұлттық экономика министрлігінің, атап айтқанда оның құрылымдық бөлімшесі – Құрылыс істері, ТКШ және жер ресурстарын басқару комитетінің әрекетсіздігі екені анықталды. Аталмыш құрылым үстіміздегі жылдың сәуір айында Дүниежүзілік банктің “Doing business” рейтингі бойынша Қазақстанның жайғасымын жақсарту аясында бірқатар рұқсат ету процедураларын қысқартқан болатын, алайда механизмді аяғына дейін әзірлеуді естен шығарып алыпты. Шын мәнісінде, орган кәсіпкерлердің жеке меншік сарапшыларға жүгінуіне рұқсат етті, бірақ оларды заң бойынша аккредиттеуден өткізбеген.
Алматы Өңірлік палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша аталмыш мәселені Түйткілді мәселелер тізіліміне Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде шешумен қосу үшін, «Атамекен» ҚР ҰКП-ға сәйкес хат жолдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: