«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Шенеуніктердің арсыздығында шек жоқ!»

2015 жылғы 25 Тамыз
- Шымкент қаласы
19192 просмотров

Әкесін тендер жеңімпазы деп таныған Түркістан қаласы әкімі орынбасарының әрекетіне Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы осылай жауап қатты

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында осы дерек қызу талқыланды. Бәрі де Палатаға түркістандық бір топ кәсіпкердің жүгінуінен басталған еді. Түркістан қаласының әкімдігі үстіміздегі жылдың ақпан айында жолаушылар мен жүкті қала ішіндегі тұрақты бағытпен автомобиль көлігімен тасымалдау жөніндегі қызмет көрсетуге байқау өткізген болатын. 7 бағыт 2 лотқа бөлінеді. Түркістан қаласы әкімінің өкімімен байқау комиссиясын қала әкімі Дәурен Тәңірбергенов басқарады.

«Жолаушы» ЖШС екі лотта да жеңімпаз атанады, ал оның құрылтайшысы Рахим Тәңірбергенов комиссия төрағасының әкесі болып табылады. ОҚО бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті жүргізген тексеріс барысында осы деректер дәлелденді. Тексеріспен облыстық прокуратура да айналысты. Байқаудың өзінде бұзулар анықталмағаны рас: прокурорлардың ойынша, жеңіс заңды негіздемеде берілген.

Алайда прокуратура заңнамада «мүдделер қақтығысы» деп аталатын деректі анықтап отыр. ҚР Мемлекеттік қызметкерлердің ар-намыс кодексіне сәйкес, Түркістан әкімінің орынбасары мемлекеттік сатып алулар байқауына әкесінің қатысатынын айтып, осы қызметтен өздігінен бас тартып, осылайша, мүдделер қақтығысына жол бермеуге тиіс болатын. Алайда Дәурен Тәңірбергенов олай жасамады. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңы мүдделер қақтығысы орын алған жағдайда мемлекеттік қызметкердің лауазымдық міндеттерін атқаруға тыйым салады.

Әкімнің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды: оған Тәртіптік кеңесте ескерту жасалды. Бірақ Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерін шенеуніктің жеке мүддесін тықпалағаны үшін тым жұмсақ жазаланғаны таңқалдырып отыр.

«Әкесінің байқауға қатысып отырғанын ұлының білмегеніне ешқашан да сенбеймін. Сондай-ақ шенеуніктің әкім орынбасары лауазымында бола отырып, «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының нормалары жайлы хабарсыз болуына да сене алмаймын», - деп атайды ОҚО Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшесі, «НұртОтан» партиясы Шымкент қалалық партиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов. – «Шенеунік тендерде жеңісті әкесіне беріп, жазадан қорықпай арсыз қылық көрсетіп отыр. Сондықтан да мұндай әрекеттерді қатаң түрде жазалау керек деп есептеймін».

Ал заңнаманы бұзумен өткізілген байқау нәтижелері әлі күнге дейін күшін жойған жоқ.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес ОҚО Кәсіпкерлер палатасына Оңтүстік Қазақстан облысы әкіміне және «НұрОтан» партиясы мемлекеттік қызметкерлер әдебі жөніндегі тұрақты комиссиясына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Дәурен Тәңірбергеновке қатысты біршама қатаң жаза қолдану туралы өтінішпен жүгінуді ұсынды. Палата сонымен қатар Түркістан қаласы прокуратурасы мен әкімдігіне жүргізілген байқау қорытындыларын жарамсыз деп тануды және «Жолаушы» ЖШС-мен жасалған шарттарды бұзуды сұрап хат жолдайды.

Ал басқа да шағын бизнес субъектілерінің байқауға қатысуына мүмкіндік беру үшін, Палата Түркістан қаласының әкімдігіне 7 бағытты жеке лоттарға бөлумен байқауды қайта өткізу туралы талаппен хат жолдайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер