«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шенеуніктер кәсіпкердің өтінішін қарауды созуда

2015 жылғы 21 Тамыз
- Ақмола облысы
9566 просмотров

Ақмола облысы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес қарауында Көкшетау қаласының жеке кәсіпкері Александр Юрченконың өтініші жатыр

Бизнесмен ӨКП-ға түйткілін шешуге қатысты жәрдем сұрап жүгінді. Александр Юрченконың меншігінде «Союз» дүкені бар екен. Былтыр ол дүкенін кеңейтпекші болып, осыған орай қала әкімдігіне дүкенмен шектесіп жатқан жер телімін алу үшін жүгінеді. Алайда қала әкімдігі оған жер беруден бас тартып, өз әрекетін сұралған телімде автомобильдер тұратын орын болуымен уәждейді.

Бір қызығы, «Союз» дүкені орналасқан ғимаратта дәріхана бар, ал оның иесі кезінде жапсарлас құрылыс салуға рұқсат, жер телімін алған болатын және құрылысқа сәулет-жоспарлау тапсырмасы да бар.

Палата сарапшылары жағдайды зерттей келе, автомобильдер тұратын жер аумағына барып, онда жапсарлас құрылыс үшін жердің жеткілікті екенін анықтайды. Кәсіпкер тіпті аумақты абаттандыру және автомобильдер тұратын орынды ұйымдастыру жұмыстарының бәрін өз мойнына алуға дайын. Аумақтық жер инспекциясы осы жағдайға қатысты Палатаның сұрауына жауабында қалалық әкімдіктің аталмыш телімді беруден бас тартуы жайлы қаулысын негізсіз деп санайтынын, себебі дүкен қоғамдық ғимарат санатына жататынын көрсеткен. Оның үстіне, 2014 жылғы қараша айында Көкшетау қаласының прокуратурасы әкімдіктің қаулысына қарсылық шығарады, алайда мемлекеттік орган белгісіз себептермен мәселені шешуді созып жүр.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің соңғы отырысында шенеуніктер жауап беруге шақырылып, оларға бір айдың ішінде аталмыш мәселені реттеу ұсынылды. Бұл әуре-сарсаңның ақырында немен аяқталатыны белгісіз. Ал бизнесмен қымбат уақыты мен ақшасын жоғалтуда, себебі біздің өңірдегі құрылыс маусымы қысқа екенін бәрі де біледі...


Еншілес ұйымдар

Серіктестер