«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Қазақстандық бизнесмендердің құқығына қысым жасалуына жол бермеуіміз керек!»

2015 жылғы 17 Тамыз
- Жамбыл облысы
13275 просмотров

Жамбыл облысында отандық кәсіпкерлерге залал келтіріле отырып, қырғыз кәсіпкерлерге жеңілдікті жағдайлар берілуде

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова бұл туралы Жамбыл облысы мен көршілес Қырғызстанның Талас облысы кәсіпкерлерінің дөңгелек үстелі барысында мәлімдеді.

ЕАЭО аясында өзара тиімді шекара маңындағы ынтымақтастық тақырыбын талқылауға қазақстандық және қырғыздық тараптан бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

12 тамызда Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қосылғаны туралы шарттың күшіне енгені белгілі. Қырғызстан Армения, Белорусь, Қазақстан және Ресеймен бірге одақтың толыққанды мүшесіне айналды. Шарт күшіне енген соң қырғыз-қазақ шекарасындағы 8 өткізу бекетінде кедендік бақылау алынып тасталады.

«Дөңгелек үстел мақсаты – барлығына да ыңғайлы әрі тиімді болу үшін, екі тарап кәсіпкерлерінің ынтымақтастықты және өз жұмысын жүргізу жолдарын талқылау. Себебі біздің бизнесмендерімізде қауіптену жоқ емес, базарлардың арзан қырғыз тауарларына толып кетуі, қытай тауарларының реэкспорты тәуекелдері сақталуда», - деп мәлімдеді талқылау тақырыбын Қарлығаш Аралбекова.

Дөңгелек үстелде бизнесмендердің көптен жиналып қалған әрі шешімін таппаған түйткілдері ашылды. Жамбыл облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда бөлімінің бастығы Самат Үрпеков берген ақпарат бойынша, облыстағы сауда базарлары мен басқарма арасында қырғыздық тарап үшін айтарлықтай жеңілдіктер көздейтін Меморандум жасалған: шетелдік кәсіпкерлерге бейімделу кезеңінде бір жылға дейін тегін сауда орындары беріледі (!).

«Триана-Тараз» ЖШС директоры Антонина Анның «қазақстандық бизнесмендер үшін мұндай жағдайлар жасала ма» деген сұрағына Самат Үрпеков берілмейтінін айтты.

Қарлығаш Аралбекова мұндай ұстанымды жамбылдық бизнесмендер құқығына қысым жасау деп есептейді. «Кәсіпкерлер палатасы бір себептермен бұл Меморандумға қол қоюға тартылған жоқ. Біз осы мәселемен әкімдікке жүгінбекшіміз!», - деді ол. - «Біз Ұлттық палата ретінде қазақстандық бизнесмендер құқығының қысым көруіне жол бермеуге тиіспіз. Неліктен қырғыз саудагерлеріне орындар тегін беріледі, ал біз бұрынғыша төлеуге тиіспіз? Әрине, қырғызстандық кәсіпкерлер де, қазақстандық кәсіпкерлер де салық заңнамасын, тауарларды жеткізу, өткізу кезіндегі барлық талаптарды толық көлемде сақтауға тиіс, бірақ сонымен бірге шарттар барлығына бірдей болуға тиіс. Себебі бұл белгілі бір әлеуметтік толқыныстар тудыруы мүмкін. Біз өртті кешігіп барып сөндірмей, оның алдын алуға тиіспіз».  

Оның жамбылдық кәсіпкерлер үшін сауда орындарын бір жыл бойы тегін беруге дайын екендігі туралы сұрағына «Атакент-Тараз» базары мен Орталық базар өкілдері оң жауап берді.

Сонымен қатар біздің кәсіпкерлер үшін тоқыма өнеркәсібі мәселесі өткірленіп тұр.

«Бәлкім, біздің облыста тоқыма өнеркәсібі үлкен көлемде дамымаған болар, бірақ бізде бар бизнесті барынша сақтап қалғымыз келеді. Өңірде өндірілетін өнімнің сапасы жөнінен жоғары деңгейде екені сөзсіз, ал өнім құны… Бүгінде Қырғызстанда өндірілетін өнімнің өзіндік құны электр энергиясы мен жұмыс күші ақысы есебінен әлдеқайда төмен екені түсінікті. Сонымен бірге маңызды тұс – реэкспорт. Көрші елден әкелінетін өнімнің көп бөлігі – бұл қытай тауары. Ол, ашығын айтқанда, Қырғызстанда жасалған ретінде таңбаланып, бізге төмен бағаға әкелінеді», - деп атады Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Жамбыл облысы облыстық Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы, «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попова қырғыздық тарап назарын тауарларды әкелуде және өткізу кезінде сапа сертификаттарының түгел болуы қажеттігіне, сондай-ақ республикамыздың салық заңнамасын сақтауға аударды.

Осыдан кейін Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімі бастығы Аспандияр Сейсебаев жиналғандарды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайындап жүзеге асыруға ұсынып отырған Қазақстан Республикасының Қырғызстанмен шекарадағы автомобиль өткелдеріндегі интеграцияланған бақылау стационарлық бекеттерін ұйымдастыру тұжырымдамасымен таныстырды. Аталмыш бекеттерде жүк автокөлік құралдарын бақылаудың бірден алты түрі бір уақытта жүргізілетін болады. Бұл, мәселен, орнатылған талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді әкелуге немесе әкетуге жол бермеу шараларын жедел қолдануға мүмкіндік береді.

Жамбыл және Талас облыстарының экономикалық мүмкіндіктеріне қысқаша шолудан кейін инвестициялау жайлы сөз болды, атап айтқанда, бірлескен кәсіпорындар құру жайлы, сонымен қатар қазақстандық тауарларды Қырғызстанға экспорттау жайлы айтылды.

Аспандияр Сейсебаев тараптардың қарауына Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы мен «Талас ЖИА» Бизнес Қауымдастығы» ЗТБ арасында шекара маңындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңес құру туралы ұсыныс шығарды. Кеңестің негізгі мақсаты экономикалық ынтымақтастық кедергілерін жеңу жолдарын іздеу және экономиканың барлық салаларындағы мүмкіндіктер туралы екі елдің бизнес-қоғамдастығына жедел ақпарат беру болады. Бұл ұсыныс толық қолдау тапты. Тараптар ниеттерін растай отырып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер