«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Таза парақтан» реттеу жобасы туралы

2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «таза парақтан» реттеуді енгізуді тапсырды.

Реформаны жүргізу жөніндегі негізгі міндеттер Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 желтоқсанда қол қойылған жаңа реттеу саясатын енгізу жөніндегі шаралар туралы Жарлығында көрсетілген.

Осы тапсырманы орындау үшін біз Ұлттық экономика министрлігімен, тартылған отандық және шетелдік сарапшылармен бірлесіп базалық тәсілдерді әзірледік, тиісті заң жобасын дайындадық.

2021 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданды.

Заңның басты мақсаты мемлекеттік реттеу адамдардың өмірі мен денсаулығына, экологияға, құқықтық тәртіп пен парасаттылыққа қауіп төнген жағдайда ғана орын алуы тиіс екенін көздейді.

Сонымен қатар, реттеу сапасын қамтамасыз етудің шетелде сынақтан өткізілген басқа да құралдары енгізілетін болады.

Заң бизнеске қойылатын кез келген талаптар мемлекеттік реттеудің түсінікті, іс жүзінде орындалатын, екі жақты түсіндірусіз қолжетімді нысанда баяндалған, ыңғайлы және ауыртпалықсыз болуы тиіс екендігіне бағытталған. Мемлекеттік реттеудің қаттылық деңгейі тәуекел деңгейіне байланысты болады.

Негізгі шарттар

Осыған байланысты, заңда реттеушілік талаптарды қалыптастыруға қойылатын 7 базалық шарт нақты айқындалған:

1) негізділік (реттегіш құралдар және / немесе талаптар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігіне зиян (нұқсан) келтірудің орын алған тәуекелін жою мақсатында ғана енгізіледі);

2) кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі (жекелеген нарық субъектілері үшін, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін әртүрлі құқықтық режимдер мен талаптарды белгілеуге жол бермеу);

3) ашықтық (реттегіш құралды енгізу уәждерінің түсініктілігі және кәсіпкерлік субъектілеріне өз қызметін реттегіш құралдарға сәйкес келтіру үшін жеткілікті уақыт беру);

4) орындылық (кәсіпкерлік субъектілерінің енгізілетін реттегіш құралды немесе талапты орындауының практикалық мүмкіндігі);

5) айқындылық (реттегіш құралдарды регламенттейтін нормаларды түсінікті, қолжетімді нысанда, екі жақты түсіндіруге немесе белгісіздікке жол бермейтіндей етіп баяндау);

6) мөлшерлестік және рационалдылық (қаттылық деңгейінің қолайсыз оқиғалардың басталу тәуекелінің деңгейіне сәйкестігі);

7) реттілік (жаңа және (немесе) өзгертілетін реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі).

Міндетті талаптар тізілімі

Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілінің негізгі қосымшасы Міндетті талаптар тізілімін енгізу болып табылады.

Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болады. Ол сондай-ақ кәсіпкерге бизнесті жүргізудің барлық құқықтық базасымен танысуға мүмкіндік береді.

Тізілімде жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана қамтылатын болады.

2024 жылдан бастап егер талап тізілімге енгізілмеген болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган кәсіпкерді тексере алмайды және жаза қолдана алмайды.

Егер тізілімде талап болмаса, онда жаза қолдануға да болмайды.

Тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді ҰЭМ «Әділет» жүйесінің базасында жүзеге асыратын болады.

Бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау

Барлық реттеу массивін қайта қарауға 3 жыл бөлінген.

Талаптарды қайта қарау кәсіпкерлердің ең көп саны жұмыс істейтін 5 салада басталады, бұл салаларда кәсіпкерлердің жалпы санының 60%-дан астамы (сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру/тұру, көлік) жұмыс істейді.

Нормативтік-техникалық құжаттар

Талаптарды қайта қарау (ревизия) жөніндегі жұмыстың периметріне заңдар мен заңға тәуелді актілер ғана емес, сондай-ақ заңдарда тікелей көрсетілген жағдайда нормативтік техникалық құжаттар да енгізілген.

РӘТ реформасы

Жаңа реттеушілік саясаттың бизнеске қойылатын талаптардың сәйкестігін бағалаудың негізгі құралы реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) болып табылады.

РӘТ жүргізуді іс жүзінде қамтамасыз ету мақсатында Заңмен келесі іс-шаралар көзделген:

1) РӘТ-ті (салдардың экономикалық негіздемесі) жалпы талаптарға ғана емес, сондай-ақ бизнестің заңды жауапкершілігіне қатысты жаңа бастамаларға да тарату;

2) Бизнес-омбудсменге кәсіпкерлердің шағымы бойынша қолданыстағы реттегіш құралдардың күшін жою немесе қайта қарау жөнінде ҰЭМ-ге ұсыныстар енгізу құқығын беру.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу тетіктерін жаңғырту

Өзгерістердің үлкен топтамасының бірі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіру болып табылады.

1. Тергеу ретінде бақылаудың жаңа нысаны енгізілуде. Бұл бұзушылықтың нақты себептерін анықтау және оларға қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін қажет.

2. Тексерулер берілген рұқсаттар, жіберілген хабарламалар бойынша талаптар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігіне ғана жүргізілетін болады. Мысалы, қазір бизнес қызметінің заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексерулер жүргізілуде.

3. Профилактикалық бақылау шеңберінде бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге болады. Бақылау мақсатында сатып алу НҚА немесе техникалық құжаттардағы талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өткізу фактісін анықтау үшін жүргізіледі.

4. Сондай-ақ 3 тәуекел дәрежесі (жоғары, орташа және төмен) бойынша субъектілер қызметінің градациясы да жаңалық болып табылады. Бұрын 2 дәреже болған жоғары және төмен. 3 дәрежені енгізу тексеру жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді.

Анықтама үшін: Ресей Федерациясында 6 тәуекел дәрежесі бар. ЭЫДҰ елдерінде - 3 дәреже.  

5. Ақпараттық жүйелерді пайдалануды қарастыратын тәуекелдерді басқарудың «икемді» жүйесі қарастырылған. Бұл жүйе кәсіпкерлерді тәуекелдің нақты дәрежелері бойынша бөлетін және тексерілетін субъектілердің тізімдерін қалыптастыратын болады.

Мұндай ақпараттық жүйе болмаған жағдайда мемлекеттік орган белгілі бір саладағы осындай бақылау және қадағалау субъектілерінің жалпы санының бес пайызынан аспайтын шамаға қатысты тексерулер мен кәсіптік бақылауды жүзеге асыруға құқылы.

Бұл нормалар мемлекеттік органдарды тәуекелдерді бағалау және тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыруға мәжбүр етеді.

Бизнес есептілігінің жаңа тәсілдері

Заңда бизнестің есеп беруі туралы талапты заңдарда тікелей көзделген жағдайларда ғана бекіту көзделген.

Жаңа есептілік енгізілген кезде кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізіліміне толықтыру енгізіледі.

Өзін-өзі реттеу институтын жетілдіру

Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу осы салада жұмыс істеген жағдайда ғана енгізіледі:

- ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдар;

- және (немесе) ҰКП-дан басқа, кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігі бар өзге де коммерциялық емес ұйымдар.

Ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген ӨРҰ әзірленіп жатқан ережелер мен стандарттарды реттеуші мемлекеттік органмен келісу құқығына ие болады.

Уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Б. Т. Сұлтановтың 2022 жылғы 5 наурыздағы шешімімен 2022-2023 жылдарға арналған «таза парақтан» реттеуді енгізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі жоспар-кесте бекітілді, онда жауапты мемлекетті органдар бекітілген және барлық ұйымдастыру шаралары, орындау мерзімдері мен кезеңдері, сондай-ақ оларды іске асыру мерзімдері көзделген.

Таза парақтан реттеудің негізгі тәсілдері (pdf)

Жарлық

Заң

Қайта қарау кестесі

Салалар бойынша реттеушілік актілерге талдау жүргізу жөніндегі жоспар-кесте

Еншілес ұйымдар

Серіктестер