«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда дивидендтерге қатысты екі жылға созылған дау шешілді – «Атамекен»

2022 жылғы 17 Мамыр
8437 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында дивидендтерді төлеу кезінде таза табысты анықтау бойынша салық дауына нүкте қойылғанын хабарлайды.

Мемлекеттік комиссияның отырысында «таза табысты» бухгалтерлік есеп деректері бойынша қаржылық есептілікте қалыптастырылған таза табыс деп түсіну керек деген шешім қабылданды. Осы бағытта Қаржы министрлігіне бір ай мерзімде тиісті түсіндіру жұмыстарын жедел жүргізу тапсырылды.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дивидендтерге салық салу бойынша салық практикасын өзгерту туралы мәселені соңғы екі жыл бойы көтеріп келді. Ол кезде аяқтау әдісі бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін отандық компаниялар салық органдарымен дивидендтерді салықтан босату жөнінде дауласа бастады.

Қазақстандағы резидент емес тұлғалардан салықты ұстап қалуға қатысты қалыптасқан жағдайдың нәтижесінде сарапшылар салық органдарының бір қалыпты емес практикасы салдарынан орын алған қауіп-қатерлерді атап, осыған байланысты шетелдік инвесторларға филиалдарды жабу немесе олардың қызметін тоқтата тұру жөнінде ұсынымдар берген.

  Салық органдарының пікірінше, дивидендтер есептелетін таза табысты салық төлеушілер салық есебінің деректері бойынша анықтауы керек еді. Салалық заңнамаға сәйкес таза табысты бөлу туралы шешім қабылдау шаруашылық қызмет нәтижелері бойынша ұйым қатысушыларының жалпы жиналысының құзыретіне жататынына қарамастан деректер бойынша анықталады. ҰКП мамандары бұл позицияға қарсылық білдірді. Өйткені таза табыс салық есептілігінен емес, бухгалтерлік есептілік негізінде анықталуы қажет. Бұл бағытта Ұлттық экономика министрлігі Палатаға қолдау көрсетті.

Еске салсақ, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық кодексі 645-бабы 9-тармағының мақсаттарын іске асыру үшін таза табыс салық есептілік деректері бойынша анықталуы тиіс деп санады. «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» ҚР Заңында ҚЕХС (Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарты) және ҚЕҰС-та (Қаржылық есептіліктің ұлттық стандарты) «таза табыс» термині анықталмаған, сәйкесінше, салық салу мақсатында аталған термин салық заңнамасы нормалары тұрғысынан айшықталуы тиіс. Екіншіден, Салық кодексі мақсатында «таза табыс» терминін қолдануда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы»  ҚР 1995 жылғы 24 сәуірдегі №2235 Заңы нормаларына негізделген тарихи қалыптасқан тұжырымдаманы басшылыққа алу қажет. Ұлттық палатаның пікірінше, Комитеттің позициясы заңнаманың нормаларына қайшы.

Алайда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР 1995 жылғы 24 сәуірдегі №2235 Заңы (бұдан әрі – Салық туралы заң) ҚР 2001 жылғы 12 маусымдағы № 210 Заңымен күшін жойды. ҚР «Құқықтық актілер туралы» Заңы 46-бабының 2-тармағына сәйкес, осы актіні қабылдаған орган немесе басқа уәкілетті орган актіні немесе оның бөлігін (бөліктерін) жарамсыз деп таныған жағдайда, нормативтік құқықтық акт (оның бөлігі немесе бөліктері) күшін тоқтатады.  Демек, күшін жойған Салық туралы заңның ережелерін қолдану – заңсыз. Бұдан бөлек,  ҚЕХС (IAS)  «Қаржылық есептілікті беру» 8-тармағында ұйым қорытынды көрсеткіштерді сипаттау үшін егер олардың мәні айқын болса, мысалы, пайда немесе залал өлшемін сипаттау үшін «таза табыс» терминін қолдана алатыны мысал ретінде келтірілген.  Сәйкесінше, 2021 жылға дейін дивиденд төлеу кезінде таза табыс бухгалтерлік есептілік бойынша анықталуы керек. Мұнымен Мемлекеттік комиссия келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер