«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесті

2022 жылғы 16 Мамыр
7553 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың Алматы облысы Өңірлік кеңес мүшелері және бизнес-қоғамдастықпен кездесуі барысында туризм, СТ-KZ сертификаты, отандық кәсіпкерлерді қолдау мәселелері талқыланды.

 Ұлттық палата басшысы өз сөзінде Жетісу өңірі ауыл шаруашылығы мен туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. Спикер «Атамекен» қызметін трансформациялау және елдегі кәсіпкерлікті дамыту шеңберіндегі жаңа тәсілдер туралы айтты. ҰКП Төралқа төрағасының айтуынша, бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын күшейту қажет.

 «Атамекен» және мемлекет арасында бірыңғай түсінікті аппараты, салаларды дамытуға бірыңғай тәсілдер болуы керек деп санаймын. Сондықтан экономика салалары арасында теңдестірілген және міндетті негізгі көрсеткіштер негізінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі қажет», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

 Туризм индустриясының кәсіпкерлері Алматы облысы мен Алматы қаласының туризмін дамыту бойынша өзара іс-қимыл мен келісімнің маңызына назар аударды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов екі өңір арасында туризмді дамыту бойынша жасалған келісімдер мен бірлескен қызметтің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.

Түйткілді мәселелерді талқылау барысында СТ-KZ сертификатын беруге қатысты сөз қозғалды.

 «Қазіргі кезде кәсіпкерлер шығарылған өнім үшін түрлі сертификаттарды алуға мәжбүр. Оларды алу арзан емес, нәтижесінде бұл шығындар тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Сондықтан сертификаттарды беру ережелерін қайта қарап, оларды пайдалану мүмкіндігін кеңейту керек. Осылайша сертификаттарды бизнеске қолжетімді ету қажет. Бұл барлық кәсіпкерге ортақ жүйелі мәселе», – деді «QAZAQ – PAK» ЖШС компаниясының төрайымы Ажар Сүлейменова.

 Бизнесмендер сондай-ақ, суару желілерін салу және күтіп ұстау, отандық өндірушілерді қолдау проблемаларын атап өтті. Сондай-ақ, ҰКП және облыс әкімдігінің басшылығына ШОБ қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралардың іске асырылуын бақылауға алуды және экономикалық жағдайға байланысты бизнесті тексеруге мораторийді тағы үш жылға ұзарту мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Төралқа төрағасының тапсырмасы бойынша барлық жүйелі мәселе мен ұсыныстар орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен талқылау және шешу үшін Ұлттық палатаның орталық және өңірлік аппаратымен пысықтауға алынды.

 Бұдан бөлек кәсіпкерлер Алматы облысының бөлінуі және өңірлік кәсіпкерлер палатасын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуге қатысты сауал қойды.

 «Жаңадан құрылатын облыстарда жаңа өңірлік филиалдарды құру мәселесі Съездің айрықша құзыретінде. Осыған байланысты мәселе ҰКП Съезін өткізу барысында талқыланып, шешілетін болады. Съезге дейін өңірлік палаталар қолданыстағы форматта жұмыс істейді», – деп жауап берді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова кездесуді қорытындылай келе, Райымбек Баталовқа және кәсіпкерлерге құрылымды диалог үшін алғысын білдіріп, бизнес-қоғамдастықпен мұндай кездесу енді Жетісу өңірінде жоспарланғанын атап өтті.  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер