«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Көкшетауда іскер әйелдерге шағын несиелеудің бірегей бағдарламасы таныстырылды

2018 жылғы 19 Шілде
- Ақмола облысы
5228 просмотров

Әйелдер кәсіпкерлігі субъектісіне арналған шағын несие бағдарламасы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі «Қазақстан ұлттық банкі» АҚ және Еуразиялық топтың бірлесуімен қолға алынды

Бағдарлама аясында іскер қыз-келіншектер жылына 5% мөлшерлемемен шағын несие ала алады. Берілетін қаражат – 10 млн теңгеге дейін. Бұл қазіргі таңда берілетін несиелердің ішінде ең төменгі мөлшерлемеге ие бағдарлама. Негізгі мақсатты аудиториясы – әйелдер – жеке бизнеспен айналысушылар, сондай-ақ кәсіп ашуды жоспарлағандар.

«Шын мәнінде бұл бағдарлама бірегей. Барынша төмен мөлшерлемедегі несиені стартап ашу үшін де, кәсібін ұлғайтуға да ала алады. Бағдарламаға қатысу үшін Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасында бекітілген формаға сәйкес өтінім толтыра отырып, бастапқы тіркеуден өтуі керек», ­­- дейді адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айжан Тәжмиева.

Бүгінде өңірлік палатаға өтінім беруге 15 іскер ханым жүгінген. Мал шаруашылығын дамыту, қызмет көрсетуден бастап жол бойындағы сервиске дейінгі салалар қамтылған. Өңірде бизнеспен айналысатын 10 000 қыз-келіншек тіркелген. Олар үшін жаңа бағдарламаның басталу – жаңа мүмкіндікке жол ашады.

«Кәдесый өнімдерін сатумен 10 жылға жуық айналысып келемін.  Бұл кәсіп мұра болып қалды. Дегенмен өзгермелі уақытта Елорданың жақындығын ескеріп, бизнесті дамытуды қалаймын. Бірегей шарты бар мынадай бағдарлама мүмкіндікті арттырады», ­- дейді жеке кәсіпкер Жанаргүл Жұмабекова.

Халық банкі шағын және орта бизнес сату бөлімінің басшысы Сергей Бульковскийдің айтуынша әлеуетті өтінім берушіге қойылатын талаптар бар. Салық және басқа да міндеттеме төлемдері, екінші деңгейлі банктерде және басқа да қаржы институттарының алдында қарызы болмауы керек.

Сонымен қатар өтінім берген уақытта кәсіпорын қайта құрылып, банкротқа ұшырап, мүлкіне тыйым салынған кәсіп иелереніің өтінімдері мақұлданбайды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында бастапқы тіркеуден өту басталып кетті. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының, сондай-ақ Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының менеджерлері шағын несиелеу бағдарламасына қатысты кеңес береді. Бекітілген форманы Іскер әйелдер кеңесінің активтері қарайды.

Егер жеке кәсібін енді бастайтын өтінім беруші кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткені туралы сертификаты болмаса, арнайы курстан өтуіне болады.

Сонымен қатар Іскер әйелдер кеңесі активтері оң шешім қабылдаған жағдайда, Кеңес хаттамасысымен бірге ары қарай «Қазақстан халық банкі» АҚ қарауына жолданады. Банкке өтінім түскеніне қарай аптасына бір рет жоладанады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер